Өңірде сүт өндірген тиімді

«Аграрлық несие корпорациясының қаржысына голштинофриз тұқымды сүтті бағыттағы құнажындарды Ресейден және Ақтөбеден буаз күйінде сатып алдық. 350 бас сиырдың 230-ы корпорация қаржысына алынды. Біздің өңірде ет емес, сүт өндірген тиімді. Қазір біздегі 1000 бас сиырдың 600-і сауылады, бір сиыр күніне орта есеппен 25 литр сүт береді», - дейді «Milk Farm KZT» ЖШС директоры Жәнібек Жұмақов.
Қысы-жазы қорада бағылатын тегі асыл түлікке жем-шөпті қожалық өздері дайындайды. Бұған қажетті шабындық жер де, техника да жеткілікті. Фермер биыл тағы сүтті бағыттағы ірі қара мен тауарлы-сүт фермасына қажетті құрал-жабдық алмақ. Тиімді несие алу үшін Аграрлық несие корпорациясына өтінім беріп қойыпты. Айтпақшы, агрофермада қазір тоқтап тұрған сүт өңдейтін цех бар. Демек, бұл нарық тынысын тап басқан өрісі кең өміршең жоба.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ - «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы. 2001 жылдан бастап агробизнесті дамыту үшін тиімді шартпен жеңілдетілген несие беріп келеді. Компанияның бағдарламаларын www.agrocredit.kz сайтынан көруге болады.