Аграрлық несие корпорациясы БҰҰ-ның жаһандық бастамасы – әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту қағидаттарына (Women’s Empowerment Principles) қосылды. WEPs қағидаттарына қосылу туралы мәлімдемеге корпорацияның Басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков қол қойды.
«Корпорацияның миссиясы - қол жетімді және тиімді қаржыландыру жүйесін құру арқылы Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенінің тұрақты дамуына ықпал ету. Әйелдерге кәсіпкерлік бастамаларды жүзеге асыруға тең қолжетімділік пен мүмкіндіктер беру – еліміздің аграрлық секторын дамыту үшін өте маңызды қадам. Осыған байланысты Корпорация гендерлік теңдік, оның ішінде әйелдерге Корпорацияның несиелік бағдарламаларына тең қолжетімділікті қамтамасыз ету қағидаттарын ұстануды жалғастырады», - деді Корпорацияның Басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков.
Айта кететіні, Әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту қағидаларын 2010 жылы «БҰҰ-әйелдер» құрылымы мен БҰҰ-ның жаһандық шарты әзірлеген. Аталмыш құжат бизнес пен корпоративтік сектор үшін әзірленген практикалық нұсқаулық болып табылады. Онда гендерлік теңдікті ілгерілету, сондай-ақ әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін үш салада: компания ішіндегі жұмыс орнында, тұтыну нарығымен жұмыс істеуде, әлеуметтік жобаларды іске асыру және азаматтық сектормен өзара іс-қимыл жасау арқылы қоғамдастықта кеңейту жөнінде ұсынымдар жиынтығы қамтылған.
Бүгінгі таңда әлемде 5 мыңнан астам компания WEPs бастамасының қатысушысы саналады. Оның ішінде 40-тан астам қазақстандық компания бар. Осылайша, Қазақстан WEPs қағидаттарына қосылған компаниялар саны бойынша Орталық Азиядағы көшбасшы ел болып отыр.