Алма егіп, қойма салған

«Голден Делишес», «Ред Делишес», «Айдаред», «Гала» сынды алманың итальяндық бірнеше сортын ектік. Көшеттерді Италиядан арнайы әкелдік. Алғашқы жылы мың тонна алма тердік, соның ішінен іріктеп 500 тоннасын саттық. Ал өнімді өткізуден қиындық жоқ, клиенттер көтерме бағамен сатып алды. Жалпы, еліміздегі бағбандар ішкі нарықтың алмаға деген сұранысының 70 пайызын ғана өндіреді, қалғаны шетелден импортталады», - дейді «Азия Сад» ЖШС басшысы Рахим Машухей.
Еуропалық технологияға арқа сүйеген бақта алманың түсімі жыл сайын көбейеді. Биылғы меже - 2 мың тонна. Біртіндеп толық қуатына шығып, 6 мың тоннаға дейін алма термек. Ұңғыма мен бассейні бар бақта алма тамшылатып суарылады. Алманы күзде арзанға емес, қыста тиімді бағамен сату үшін заманауи жеміс қоймасы салынып жатыр. Сыйымдылығы 5,5 мың тонна болатын нысанды салып бітіру үшін Аграрлық несие корпорациясының қаржысына иек артып отыр.