5353

Call-Орталығы 5353 (Kcell, Activ, Beeline абоненттері үшін) 8 7172 55 99 77 (Астана қ. стационарлық телефоннан қоңырау шалу тегін, ұялы операторлардың абоненттері үшін - оператор тарифіне сәйкес)
Install the application:
1) Open the website in Safari
2) Click save
3) Add to home screen

Медиа орталық

Балық өнімі өзге елдерге экспортталады

Балық өнімі өзге елдерге экспортталады

Шығыс Қазақстан – мал өсіріп, егін егуден бөлек балық шаруашылығын дөңгелетуге де қолайлы өңірлердің бірі. Тау-тасын, сай-саласын қуалай ағатын үлкенді-кішілі өзендерін айтпағанда, Алакөлің әне, Марқакөлің міне, кезінде балығы тайдай тулаған Зайсан көлі мен Бұқтырма су қоймасы және бар. Суды жағалай жатқан ауылдардың көбі ау тартып, нәпақа табады. Олардың ішінде балық өсіріп, өнімін шетелдерге шығарып отырғандар да жоқ емес.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл­ғы Жол­дауында балық шаруашы­лығы­на да ерекше мән беру керегін атап өткен. Осы орайда бір ғана Көкпекті ауданында бірнеше мекеме балық шаруашылығын шалқытып отырғанын айта кетуге болады. Соның бірі Самар ауылындағы «Кузмичь» ЖШС-не жолай бұрылғанбыз.

Олар балықты уылдырықтан бастап, тауарлық салмағын ал­ғанша күтіп-баптайды. Мұн­да уылдырықты жетілдіріп, ша­бақ алатын заманауи құрыл­ғы қойылған. Кәсіпорын бас­шы­лығы алдағы уақытта Омбы, Сібір жақтардан қызыл балық­тың тұқымын алып келіп, құ­рыл­ғы арқылы өсіруді көздеп отыр. Бұл қондырғыда жетілген ба­лық­тар бассейінге түсіп, кейін көл­ге жіберіледі. Мамандардың ай­туын­ша, қызыл балықтың сал­­ма­ғы 100 грамнан асса, әрі қарай тез өсіп кетеді. Ал форель тұ­қым­дастар жаздың күнгі ап­тап ыс­тықта судың темпера­ту­ра­сы­на шыдас бермейтін көрінеді.

Кәсіпорын жылыжайда аквапоника жасауды да тәжірибе­ден өткізіп көрген. Яғни, үл­кен аквариумға балық жіберіп, үстіңгі жағына өсімдік өсірген. Сөйтіп бір мезгілде, бір орыннан балық пен жемістен қатар пайда тапқан. Алдағы уақытта бұл тәжірибемен бірге шаян өсіру де жоспарларында бар.

– Негізінен бассейнде форель тұқымдас балықтар өсіп жатыр. Оларға уақытымен тамағын беріп, бассейнді тазалап отырамыз. Су жер астынан шығып жатқандықтан қыстың күні де қата қоймайды. - 40-45 градус аяз болса, бассейнді бөлменің ішіне пеш жағып, температураны ұстаймыз. Көлдегі тор сызығындағы балықтар да үнемі жұмысшылардың қарауында, – дейді балықтың бабын білетін Болат Мұрынбаев.

Ал кәсіпорынға қарасты көл­дің аумағындағы балық­шылар аулағандарын тікелей зауытқа өткізеді. Бекіре, сазан, көксерке, алабұға, шортан сынды балықтар зауытта толықтай өңделіп, тазаланып сатылымға жөнелтіледі.

– Балықтарды жәшіктерге текшелеп жинап, -40 градустық мұздатқышқа қатырамыз. На­рықтағы сұранысқа қарай сүр­пі етін сылып алып жеке әзір­лейміз, етін ұнтақтап тартамыз. Өнімдерге сұраныс өте жо­ға­ры. Қазіргі уақытта Қытай, Ре­сей, Әзербайжан, Грузияға шы­ға­рып отырмыз. Балық өсі­ру­­ге қолайлы 105 тоннаға ар­нал­­­ған тор сызығымыз бар. «Аг­­­рарлық несие корпорация­сы­нан» «Агроэкспорт» бағ­да­р­­ла­масы бойынша 50 млн тең­­ге несие алып, осындай құ­­рыл­ғыларға қол жеткізіп отыр­­мыз. 25-тен астам адам жұ­мыс­пен қамтылған, – дейді кәсіп­орын басшысының орынбасары Бақыт Мүбәракова.

Бағалы балық өсіруді екі жыл бұрын қолға алған шаруашылық жылына 100 тонна өнімді на­рық­қа шығаруды жоспарлап отыр. Алайда қазіргі таңда көл­дегі балық қоры қандай?

­Осыдан төрт-бес жыл бұрын мемлекеттің қолдауымен баға­лы және жойылып бара жат­қан балық түрлерін молайту үшін Самарда «Көк­пек­ті Ак­вакультура» ауылшаруа­шылық өндіріс кооперативі құ­рылған болатын. Оның мақсаты – балық қорын көбейтумен қатар кәсіби, спорттық, әуесқой балық аулауды дамыту еді. Бұл кооперативке балық қорын сақтап, қалпына келтіру бағытында жұмыс іс­тей­мін деген азаматтар кіре ала­ды. Бүгінде кооператив бекі­ре, сазан, шортан, алабұға, көк­серке сынды бағалы балық түр­лерін өсіру бойынша жұ­мыс­тар жүргізіп жатыр. 2018 жылдың ақпанында «Көкпекті Аквакультура» кооперативіне жетіл­дірілген технологиялар­ды пайдалана отырып, Бұқ­тыр­ма су қоймасының тау­лы-алқаптық бөлігінде баға­лы балық түрлерін тор ішінде өсіру­мен айналысуға мүмкіндік берілген. Сондай-ақ спорттық-әуесқойлық және кәсіптік балық аулауды дамыту үшін Бұқтырма су қоймасының балық аулау учаскесінде инфра­құрылым жүргізіліп, тұрғын үйлер салынды.

Бірақ мамандардың пікірін­ше, Бұқтырма, Өскемен, Шүл­бі су қой­маларындағы судың темпера­тура­­сы­ның төмендігі балықтың өсуі­­не кері әсерін тигізетін көрі­неді. Оның үстіне Шығыста Қы­зыл кітапқа енгізілген нельма тұ­қым­дас балықтарды өсірудің әдіс­те­ме­лері мен технологиялары да жоқ екен.

Шығыс Қазақстан облысы,

Көкпекті ауданы

Көзі: https://egemen.kz/article/252616-balyq-onimi-ozge-elderge-eksporttalady