Екібастұздағы ерекше тігін цехі

«Аграрлық несие корпорациясынан 6 млн теңгедей қаржы алдым. Несие тиімді екен, бірінші рет рәсімдедім. Бұл қаржыға ғимарат сатып алдық. Бұрын өзім зағиптар қоғамындағы тігін цехінде инженер болып жұмыс істегенмін. Сол жақтан тігіншілікті үйрендім. Қазір бізде 6 адам жұмыс істейді. Тапсырыспен медициналық халат, қолғап сияқты киімдер, ұлттық нақыштағы көрпелер, қыз жасауы мен төсек-орын жабдықтарын тігеміз», - дейді Қайрат Қабыржанов.
Жеке кәсіпкер жақында атаулы кесте тігетін тағы бір тігін машинасын сатып алыпты. Енді қыз жасауы, орамал т.б. түрлі бұйымдарды кестелеп, жазу жазуға болады. Дайын өнімді сату үшін цехтің бір бөлмесінен дүкен жасап, ашып қойыпты. Қазір қолөнерді үйренуге ниетті бірлі-жарым шәкірті де жоқ емес. Бизнесменнің ендігі ойы – тігін цехін үлкейтіп, үлкен ғимаратқа көшу. Бұл мақсатқа жетуде сол баяғы өзінің сенімді қаржылық серіктесі – Аграрлық несие корпорациясының көмегіне жүгінбек.