5353

Call-Орталығы 5353 (Kcell, Activ, Beeline абоненттері үшін) 8 7172 55 99 77 (Астана қ. стационарлық телефоннан қоңырау шалу тегін, ұялы операторлардың абоненттері үшін - оператор тарифіне сәйкес)
Install the application:
1) Open the website in Safari
2) Click save
3) Add to home screen

Медиа орталық

Экспортты қолдау – басты назарда

Экспортты қолдау – басты назарда

Қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қолдау бойынша 298 жоба іске асып, 272,2 млрд теңге жұмсалды. Бұл цифрлар – «Аграрлық несие корпорациясы» «ҚазАгро» ҰБХ еншілік компаниясының жұмысты жемісті атқарып жатқанының бірден-бір көрсеткіші. Осы ретте, жаңа технологияларды енгізетін және экспорттық әлеуеті бар инвестициялық жобаларды қаржыландыруға баса назар аударылып отыр.

Қазақстандық фермерлер бір­тіндеп шетелдік нарыққа шығып жатыр. Олар бұған өз өндірісін кең­ейтіп, ірі инвестициялық жобалар­ды іске асыру арқылы қол жеткізуде.

Қолдау алаңы

Бұқараның басына қонған бақ

ШҚО-да 1,5 миллион гектар жер игерілмей жатыр

Өңірде атқарылған оң істер

Аграрлық несие корпорациясының Шығыс Қазақстандағы филиалы директоры Ербол Көбентаев АНК ин­новацияларды дамытуға және мал, өсімдік, балық шаруашылығында жаңа технологияларды енгізуге бағытталған ауыл шаруашылығы өнімдерін өн­дірушілерді қолдайтынын айтады.

«Корпорация өнім өндірушілер мен қайта өңдеушілерге жеңілдетілген несие бере отырып, ұзақмерзімді негізде дамуға мүмкіндік береді. Бұл ретте, фермерлік шаруашылықтардың айналасындағы инфрақұрылым да дамып келеді. Ауылдар қайта жан­данып, жаңа жұмыс орындары пайда болуда», – дейді Ербол Көбентаев.

Бұл Қазақстанның өндірістік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, отандық бизнеске халық­аралық нарықта бәсекелесуге мүм­кіндік береді. АНК инвестициялық жобаларды қаржыландыру арқылы қазақстандық агроөндірісті дамытуға өз септігін тигізеді.

Мұндай дамудың мысалы ретінде Шығыс Қазақстан облысындағы «Елім-ай Көкпекті» және «Кузьмич» компанияларын атап өтуге болады. Олар ауылда ондаған жұмыс ор­нын ашып, өз салаларында жаңа тех­нологиялар енгізіп отыр.

«Елім-ай Көкпекті» компания­сы – Шы­ғыс Қазақстан облысы Көк­пек­ті ауылындағы ет өндірісіне ма­манданған шаруа қожалығы. Ком­пания 2011 жылы құрылып, қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда экспортқа бағдар алып, ірі жобаларды жемісті жүзеге асыруда.

Шаруашылықтың нарықтағы ор­нын нығайтуға 5 мың бас ірі қара малға арналған жаңа бордақылау алаңы көмектеседі. Оны қазан айының со­ңына дейін енгізу жоспарланып отыр. Жоба негізінде 2018 жылы басталған. Сол кезде компания Аграрлық несие корпорациясынан жеңілдетілген не­сие алған. Нақтырақ айтқанда, құны 1 млрд теңгеге жуық бордақылау ала­ңына қаржының 60%-ын АНК бөлген.

«Бұл жоба өңірлік және шағын фермерлік шаруашылықтарды дамыту үшін маңызды. Біздің міндетіміз – ішкі немесе сыртқы нарықта малды  бордақылау және сату», – дейді «Елім-ай Көкпекті» компаниясының бас­шысы Болат Бекбердинов.

АНК баспасөз қызметінің мә­ліметінше, қазір бордақылау алаңында 2 мыңға жуық ірі қара мал бар. Сиыр етін БАӘ мен Қытайға экспорттауды жоспарлап отыр.

Бордақылау алаңында өнім са­пасын жақсартатын заманауи тех­нологиялар енгізілуде. Мысалы, сиырларды жаңа әлемдік техно­логиялар бойынша автоматты жүйе­лердің көмегімен бордақылайтын болады.

«Елім-ай Көкпекті» шаруа­шылығының басшысы Болат Бек­бер­динов мұны басқа елдердегі әріп­тестерінен үйренгенін айтады.

«Қолданылатын заманауи әдіс-тә­сілдер малға салмақ қо­су­ға көмектеседі. Етті мал шаруа­шылы­ғында көптеген елді аралап шықтым. Америка мен Канадада, Еуропада ұстанатын 11 критерийлердің барлық 11-іне де төтеп бере алдық», – дейді ол.

Болат  Бекбердиновтың  айтуын­ша, компания 300-ден астам жергілікті фермерлік шаруашылықпен бірге белсенді жұмыс істейді. Негізінен, шаруашылықтар арасындағы ынты­мақтастық бұқаларды жалға беру бойынша жүзеге асады. Бұқаларды жалға алу мал өнімділігінің жақ­сар­уы­на өз септігін тигізетінін фер­мерлер де жасырмайды.

Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты – жем дайындау. Компа­нияның жемшөп қоры болғанымен, Болат Бекбердинов бәрін бірдей өз күшімен дайындай алмайтынын айтады. Сондықтан жүгері секілді кей өнімдер өзге фермерлерден сатып алынады.

Қарапайым ауыл үшін бордақылау алаңын құрудың маңыздылығы  –тікелей және жанама жаңа жұмыс орындарының пайда болуында.

«Ауылдағы адамдарға не керек? Жұмыс керек. Бізде 100-ден астам адам жұмыс істейді. Жоба аяқталғаннан кейін 250 ауыл тұрғынын жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Менің ойымша, ауылдағы өмір бизнесі дамыған, мал шаруашылығы жол­ға қойылған жағдайда ғана өз құнды­лығын жоғалтпайды», – дейді Болат Бекбердинов.

Тағы бір есептен шағын ферма­ларда да қосымша жұмыс орындары пайда болады. Малды бордақылау алаңы ондағы жұмыс көлемінің артуына ықпал етеді. Мысалы, егер 100 сиырға қызмет көрсету үшін үш жұмысшы қажет болса, онда 5 мың бас ірі қара мал үшін 150 ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылуы керек.

Ресей мен Қытайдағы
қазақстандық балық

Бүгінгі таңда балық шаруашылығы да басты назарға ілігіп отыр. Жазда Үкімет басшылығы осы бағытты дамыту бойынша кешенді жобаларды қолға алды. Ендігі мақсат – әр облыста балық өндірісін ашу. Мамандардың пікірінше, бұл бағыт халықты ақуызға бай азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету проблемасын шеше отырып, ауыл шаруашылығындағы басым бағыттардың бірі болуға тиіс.

Соңғы 10 жылда елімізде бұл салада жалпы өндірістік қуаты 3,26 мың тонна болатын 13,9 млрд теңге мөлшеріндегі 13 жоба қаржыландырылды. Жалпы, Аграрлық несие корпорациясы  қор­жынында осындай 10 жоба бар.

Солардың бірі – Шығыс Қазақстан облысы Самар ауылындағы «Кузьмич» ЖШС. Бұл –  бекіре және албырт балықтарын қоса санағанда, бағалы балық түрлерін өсіретін шаруашылық.

Компания 2018 жылы «Агро­экспорт» бағдарламасы бойынша біріктірілген жүйеде құрама жем және қара шірінді арқылы балық өсіру шаруа­шылығын кеңейту мақсатында 50 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды. Атап айтқанда, балықты мұздатуға арналған, тоқ арқылы жұмыс істейтін тоңазытқыш жабдықтар мен балық өсіруге арналған торлар сатып алынды.

Компания директорының орын­басары Бақыт Мүбәракованың ай­туынша, қазір шаруашылық өз өнім­дерін тек ішкі нарыққа ғана емес, шетелге де жеткізеді.

«Ресей, Қытай, Әзербайжан мен Грузияға да экспорттаймыз. Ол жерге көксерке, шортан, алабұға, табан балықтарын жібереміз. Қазақстандық өнімдер сұранысқа ие. Сонымен қатар олар біздің дайын өнімдерді – филе мен тартылған етті және жаңа мұздатылған балықты да сатып алады», – дейді Б.Мүбәракова.

«Кузьмич» ЖШС 2021 жылға қарай жылына 100 тонна балық өндіруді жоспарлап отыр, ал өндірісті кеңейту есебінен 30 қосымша жұмыс орны ашылған.

Көзі: https://aikyn.kz/79240/%D1%8D%D0%BA%D1%81%D0%...