Отыз гектардан басталған бизнес

«Аграрлық несие корпорациясының «Агробизнес» бағдарламасы бойынша несие алдық. 2020 жылы «Гала», «Голден Делишес», «Фуджи», «Ред Делишес», «Ред Джонопринц» сынды алманың итальяндық 5 сортын ектік. Көшеттерді Италиядан әкелдік. Неге алма десеңіз, біз алма егетін Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданының жері бау-бақшаға қолайлы. Былтыр 350-400 тонна шамасында алғашқы өнім алдық, биылғы болжам 800 тонна алма», - дейді «Алма-Атинские яблоки» ЖШС директоры Сергей Говоров.
Аграрлық несие корпорациясының қаржысына 2020 жылы ауыл шаруашылығы техникасын алған кәсіп иесі сол жылғы қиындықты айтады. Карантинге байланысты шекара жабылып, көшет дер кезінде жетпей, біразы өспей қалыпты. Сол көшеттерді ауыстыру үшін серіктестік биыл тағы корпорациядан несие алған. Алдағы 4 жылда интенсивті бақ толық қуатына шығып, 8 мың тонна алма тереді. Бұған тыңғылықты дайындалып, келесі жылы Аграрлық несие корпорациясынан несие алып, заманауи жеміс қоймасын салмақ.