Майлы дақылдарды сақтандыру бойынша өтінімдер 2024-жылдың 15-сәуіріне дейін Kezekte.kz сайтында қабылданады. Дәнді дақыл егіндерін құрғақшылықтан сақтандыру шарттарын жасасуға өтінім қабылдау аяқталды. Өтінім 2024-жылдың 1-сәуіріне дейін қабылданды. Естеріңізге сала кетейік, бірінші сәуірге дейін астық егетін Ұлытау, Абай, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының фермерлері өз егістіктерін сақтандырды. Дәнді дақылдарды құрғақшылықтан сақтандыруға жасалған шарттар бойынша екі фазалы сақтандыру 2024-жылдың 15-маусымнан 14-қыркүйегіне дейін, үш фазалы сақтандыру 2024 жылдың 15-мамырынан 14-қыркүйегіне дейінгі аралықты қамтиды. Қазіргі уақытта фермерлер 322 мың гектарға еккен егіндерін сақтандырды. 142 сақтандыру шартының құны 2 млрд теңгеден астам соманы құрады, оның 80%-ын мемлекет субсидиялады. Осылайша, фермерлер үшін сақтандыру полисін сатып алу құны субсидиялар есебінен 1,7 млрд теңгеге төмендетілді. Сонымен қатар, малшылар үшін сақтандыру Қазақстан бойынша бір жыл ішінде қолжетімді екенін хабарлаймыз. Фермерлер өз малдарын жұқпалы және аса қауіпті аурулардан, өрттен, үшінші тұлғалардың қасақана әрекеттерінен, су тасқынынан, жазатайым оқиғалардан және басқа да қауіп-қатерлерден сақтандыра алады. Сақтандыру тәуекелдері бойынша барлық ақпаратты Kezekte.kz порталындағы qalqan онлайн сақтандыру сервисінен біле аласыздар. Сақтандыру бағдарламасының операторы «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ еншілес компаниясы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ.