«Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ цифрлық теңгені қолдану аясын кеңейту жобасы шеңберінде «БанкЦентрКредит» АҚ-на қаржы бөлді. Бұл қаражатты Банк астықты терең өңдеумен айналысатын «BioOperations» ЖШС-ін кейіннен кредиттеуге бағыттайды. BioOperations Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша қаласында орналасқан және бидайды терең өңдеуге маманданған. Кәсіпорын бидай клейковинасын, крахмал, биоэтанол және мал азығын өндіреді. Компания өнімдері Қазақстанның ішкі нарығында қолданылады, сондай-ақ шетелдік сатып алушыларға экспортталады. Қаржы компанияның өнім берушілермен және басқа да контрагенттермен есеп айырысуына бағытталды. Бағдарламаланатын төлемдер технологиясының арқасында әрбір транзакция алдын ала белгіленген талаптар аясында жүзеге асырылады. Бұл қаражаттың нақты мақсатқа жұмсалуын қамтамасыз етіп, қаржыландырудың барлық кезеңінде ашық әрі тиімді мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. «Біз үшін АӨК-ті қаржыландыру көлемін арттыру ғана емес, қаржыландыру үдерісін барынша ашық әрі тиімді ету де маңызды. Аграрлық несие корпорациясы қаржы институттарын қорландыру арқылы кәсіпорындардың кредиттік ресурстарға қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Бұл мәміленің ерекшелігі – жаңа қаржы құралының қазақстандық астықты терең өңдеумен айналысатын кәсіпорынға алғаш рет қолданылуында. Мұндай жобалар қосылған құны жоғары өнім өндіруге, сондай-ақ еліміздегі астықты өңдеу саласын дамытуға мүмкіндік береді. Біз алдағы уақытта да АӨК-ті қаржыландыруды технологиялық тұрғыдан жетілдіріп, оның тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін жаңа шешімдерді енгізуді жалғастырамыз»,-деді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Айдын Досқараев. Цифрлық теңгені пайдалану қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылауды тікелей есеп айырысу үдерісіне енгізуге мүмкіндік береді. Арнайы белгіленген қаражат алдын ала қойылған талаптарға сәйкес қана пайдаланылып, оның қозғалысы есеп айырысудың бүкіл тізбегі бойынша бақыланады. Бұл тетік қаражатты мақсатсыз пайдалану тәуекелін азайтып, қаржыландырудың ашықтығын арттырады. «БанкЦентрКредит» үшін бұл – цифрлық құралды корпоративтік кредиттеуде қолданудың жаңа тәжірибесі. «Корпоративтік клиенттерді қаржыландыруда цифрлық теңгені қолдану қаражаттың пайдаланылуын бақылау мен қаржыландыру үдерісінің ашықтығын арттыруға жаңа мүмкіндіктер береді. Бұл – банктің Қазақстанда цифрлық теңгені дамытуға және оны енгізуге белсенді қатысуындағы кезекті қадам. Біз цифрлық теңгені бизнеске арналған қаржылық шешімдерді одан әрі дамытуға мүмкіндік беретін перспективалы құрал ретінде қарастырамыз»,-деді «БанкЦентрКредит» АҚ вице-президенті Нұрлан Шегебаев. «БанкЦентрКредит» цифрлық теңгені пайдалану тәжірибесін жүйелі түрде кеңейтіп, Қазақстанда заманауи қаржылық технологияларды енгізу стратегиясының бір бөлігі ретінде бұл құралды одан әрі белсенді дамытып келеді.