Мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның көл-көсір. Қазақтың осы бір нақылын ұстанған Ержан Жоянбек Аграрлық несие корпорациясының қолдауымен қой шаруашылығын өркендеткелі отыр. Ержан 15 жыл бұрын Қытайдан көшіп келген. Отбасымен Астанада тұрған. Кейін жұбайы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша Ақтоғай ауданы Ақжол ауылына жолдама алған. Осылай отбасы Павлодар облысына көшіп барған. Екеуі де мал дәрігері. «Атам да, әкем де қой баққан. Кішкентайымнан қоймен араласып өстім. Ауылға бара сала қой шаруашылығымен айналысамын деп шештім. Қолымда бар азын-шоғын ұсақ малды көбейту үшін былтыр «Атамекен Павлодар» микроқаржы ұйымы арқылы 7 миллион теңге несие рәсімдедім. 133 қой, алты тоқты, жем-шөп сатып алдым. Шүкір, кәсібім жүріп жатыр. Бір жылда қой саны 200-ге жетті. Күзде тоқтыларды сатып, ақша қылдым», - дейді жеке кәсіпкер Ержан Жоянбек. Шаруаның бағып отырғаны – қазақы қой. Алдағы уақытта Семейдің байыс қойын сатып алуды жоспарлап отыр. Байыс Павлодардың қысына төзімді, еті көп дейді. Қойдың бұл түрін өсіру үшін кәсіп иесі тағы да мемлекеттің қолдауына жүгінбек. Қойшының 3-4 жылда ұсақ мал санын 500-ден асырсам деген ниеті бар. Естеріңізге сала кетейік, Аграрлық несие корпорациясы тікелей несиелеумен қатар, қаржыландыруды несиелік серіктестіктер, екінші деңгейлі банктер, лизингтік компаниялар мен шағын несие ұйымдар арқылы жүргізеді. Корпорация тарапынан биыл Павлодар облысы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 12,5 млрд теңгенің несиесі берілді.
27.12.2024 Аграрлық несие корпорациясының фермерлерді несиелеу қаржысы 2024-жылы 800 миллиард теңгеден асады