«Жадыра» жеке кәсіпкерлігі - ежелден мал өсірудің қыр-сырына қанық қожалық. 2-3 үйір жылқы баққан шаруаның иесі Есенбек Сүлейменов мал басын көбейтуді көздепті. Таңдауы асыл тұқымды ақбас сиырға түскен. Былтыр Аграрлық несие корпорациясының қаржысына 87 бас ақбас ірі қара мен 110 бас жергілікті құнажын мен 9 бұқа сатып алды. Баспақ кезінде алынған түліктер әлі төлдемеген, келесі жылы бұзаулайды деп жоспарлануда. «Жылқы сияқты емес, сиырды қолға ұстау оңай. Әрі ірі қараның тұқымын өзгерткіміз келіп, ақбас сиырға тоқтадық. Қазір сол ақбас тұқымды бөлек бағып жатырмыз. Қыста 100-200 басқа дейін мал бордақылап, етке өткіземіз. Шабындық жеріміз бар, шөпті өзіміз дайындаймыз, жемді сатып аламыз. Жалпы, Аграрлық несие корпорациядан бірінші рет несие алдық, шарттары ұнады», - дейді агрокәсіпкер Есенбек Сүлейменов. Атакәсіпті серік еткен жанның мыңғыртып мал бағуына жер жағдайы мүмкіндік беріп отыр. Жазда төрт түлікті Жезқазған жақтағы жайлауға апарса, қыс түсе өзі туып-өскен Сыр өңірінің Шиелі ауданына әкеледі. Мал өрісі қақаған қыста да ашық, жайылымға жарамды. Жиын-терін біткесін күріш алқабына бағылады. Содан болар, ұзынсарыда да табыннан жілігі татитын мал табылады. Шаруаның ендігі ойы – мал азығына арнап бидай мен жүгері егу.
27.12.2024 Аграрлық несие корпорациясының фермерлерді несиелеу қаржысы 2024-жылы 800 миллиард теңгеден асады