Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулері аясында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков және басқа да ауыл шаруашылығы саласының басшылары Қарағанды облысының фермерлерімен кездесті. Онда өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған шаралар және көктемгі егіс науқанына дайындық мәселелері қаралды. Аграрлық несие корпорациясы көктемгі егіін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыру бойынша ақпарат ұсынды. Биыл бұл мақсатқа 700 млрд теңгеге жуық қаржы бағытталатын болады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артық. Оның 560 млрд теңгесі нарықтық капитал көздерінен тартылады. Фермерлер үшін жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5%. Қарызды 2026-жылдың 1-наурызына дейін қайтару мерзімі белгіленді. Кепілдігі жетпейтіндер үшін қарыз сомасының 85%-ын «Даму» қоры кепілдендіреді. Бүгінгі таңда жалпы сомасы 459 млрд теңге болатын 6 816 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушінің өтінім пулы жасақталған. Оның ішіндегі 4 571 фермерге 293 млрд теңгенің несиесі берілген. Қарағанды облысы бойынша 273 фермерден 15 млрд теңгенің өтінімі қабылданып, 171 фермер 8 млрд теңге қаржы алған. «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға лизингтік шаттар жасалуда. Бүгінгі таңда шамамен 2,5 мың техника сатып алуға 45,4 млрд теңгенің лизингтік шарты жасалды. Оның 36,5 млрд теңгесіне 2 мың бірлік егін егу техникасы мен жабдықтарын және 9 млрд теңгеге шамамен 453 бірлік егін жинау техникасын сатып алу шарты бар. Қарағанды облысы бойынша 3,2 млрд теңгеге 186 бірлік техниканың лизингтік шарты жасалды.