Қазіргі уақытта мемлекеттік қолдау аясында Қазақстан фермерлері үшін сақтандыру сыйақысының 80%-ын субсидиялау арқылы ірі қара, ұсақ мал, жылқы, шошқа және құстарды сақтандыру қолжетімді. Барлық сақтандыру процесі Kezekte.kz платформасында онлайн режимде жүреді. Ол үшін фермерлерде электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) болуы керек. Бүгінгі таңда жануарларды «Nomad Insurance» СК» АҚ, «Freedom Finance Insurance» СК» АҚ және «Amanat» СК» АҚ сияқты компаниялар сақтандырады. Жануарлар мен құстарды сақтандыру жұқпалы және аса қауіпті аурулардан, жазатайым оқиғалардан, қауіпті табиғи құбылыстардан, оның ішінде су тасқынынан, табиғи апаттардан, өрттен және ұрлықтан сақтандыруға болады. Сақтандыру өнімдері шеңберінде фермерлер өз шаруашылығының аумағында (әдеттегі қамту), сондай-ақ 5 км радиуста (кеңейтілген қамту) көрші шаруашылықтардың аумағында аса қауіпті аурулардың өршу қаупінен өз жануарлары мен құстарын тәуекелдерден сақтандыра алады. Сақтандыру тарифінің мөлшері сақтандырылған жануарлар мен құстардың санына, сақтандыру аумағына байланысты және сақтандыру сомасының 1,54%-дан 9,85%-на дейінгі аралықты құрайды. Сақтандырудың негізгі шартына сәйкес жануарлар ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жүйесінде (АЖБ) міндетті түрде тіркеуде болуы тиіс. Сондай-ақ, сақтандырылатын мал басының саны бойынша шектеу бар. Мәселен, ірі қара мал 10 бастан кем болмауы керек, ал басқа жануарлар мен құстарды сақтандыру үшін олар 30 бастан кем болмауы тиіс. Сақтандыру жағдайы туындаған кезде сақтандыру төлемі жануарларды алып қойған жағдайда, шартсыз франшиза мен мемлекет өтемақыларын шегергендегі шығын мөлшерінде төленеді. Биыл сақтандыру компаниялары ауру мен улану салдарынан шығын келген 66 бас ірі қараға 37 млн. теңге төледі. Тәжірибе көрсеткендей, Агроөнеркәсіп кешеніндегі сақтандыру жүйесі қолайсыз табиғи құбылыстардан, соның ішінде жануарлар ауруға шалдыққанда немесе өлген жағдайда шығындарын жабуға кепілдік береді. Бұл механизм шаруалардың пайдасына жұмыс істейді.