«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Агроөнеркәсіп кешені саласындағы оператор ретінде сақтандыру қызметтерін көрсету жұмыстарын жалғастыруда. Қазіргі уақытта күздік дақылдарды құрғақшылықтан сақтандыру шарттарын жасасу бойынша өтінімдер қабылданып жатыр. Биыл күздік дақылдар үшін топырақ ылғалы тапшылығынан сақтандыру шарттарын (3 фаза) Qalqan ақпараттық жүйесі арқылы 31-тамызға дейін жасасу қажет. Биылдан бастап бұл сақтандыру жүйесі Kezekte.kz. порталында жұмыс істейді. Топырақ ылғалы тапшылығынан сақтандыру кезеңі 15-қыркүйектен келесі күнтізбелік жылдың 30-маусымына дейінгі аралықты қамтиды. Айта кету керек, күздік дақылдарды топырақ ылғалы тапшылығынан индекстік сақтандырудың 2 жылы ішінде 11 шарт бойынша 13 мың гектар жердегі дақыл сақтандырылды. Осы шарттар бойынша сақтандыру сыйақысы 62 млн. теңгеден астам соманы құрап, оның 44 млн. теңгеден астамы субсидияланды. Сақтандыру жағдайларына байланысты 14 млн. теңгеден астам төлем берілді. Жасалатын сақтандыру шарты бойынша күздік дақылдарды топырақ ылғалы тапшылығынан сақтандыру сыйақыларының 80% мөлшеріндегі бөлігі субсиядаланып, мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Яғни сақтандыру шарты бойынша фермердің төлемі сақтандыру құнының небәрі 20%-ын құрайтын болады. Бұл ретте, индекстік сақтандыру өнімі бойынша тарифтер сақтандыру құнының 4,8%-ын, ең жоғары төлем келісімшарт бойынша сақтандыру сомасының 48%-ын құрайды.