Екі жүзден астам қаржы ұйымдарының өкілдері Тараздағы несие серіктестіктерінің VI форумына қатысты. Пікірталас алаңы Аграрлық несие корпорациясының өкілдерін, жақын және алыс шет елдердің Кредиттік кооперация көшбасшыларын және несие серіктестіктер басшыларын біріктірді. Форумға қатысушылар саланың проблемаларын, перспективаларын талқылап, агроөнеркәсіп кешені субъектілерін тиімді қолдау шараларын қарастырды. Елдің ауыл шаруашылығын дамытуға несие серіктестіктері де қомақты үлес қосып келеді. Олар фермерлерге жеңілдетілген пайызбен қысқа мерзімді несиелер береді. «Биыл Аграрлық несие корпорациясы 400 миллиард теңгеден астам, ал несие серіктестіктері арқылы 140 миллиард теңгеге жуық сомамен жобаларды қаржыландырды. Өткен жылмен салыстырғанда бұл 75%-ға артық», - деп атап өтті форум барысында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Айдын Досқараев. Қазіргі уақытта 209 несие серіктестігі қызметін жүзеге асыруда және олар Қазақстанның 157 ауданында орналасқан. Яғни, аудандарды қамту үлесі 95%-ды құрайды. Бұл ауыл тұрғындарын, фермерлерді, шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландырудың қолжетімділігін қамтамасыз ететін үлкен әлеует.