Қостанай облысында ҚР Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің көшпелі отырысы өтті. Депутаттар мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік құрылымдардың өкілдерімен және фермерлермен ауыл шаруашылығы дақылдарының егістігін әртараптандыру мәселелерін, сондай-ақ биылғы егінді сақтау мен өткізу мәселелерін талқылады. Іс-шараға ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Алматы Әшірбеков, «ҚазАгроҚаржы» АҚ Басқарма төрағасы Айдар Прашев, «Азық-түлік келісімшарттық корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Асылхан Джувашев, Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов, Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің төрағасы, сондай-ақ фермерлік шаруашылық басшылары қатысты. «2022-жылдан бері Аграрлық несие корпорациясы қаржыландыру шарттарын жақсартып келеді. Егер бұған дейін көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізуге бюджет қаражаты есебінен жылына 5% мөлшерлеме бойынша шамамен 60-70 миллиард теңге берілсе, 2022 жылдан бастап біз бюджеттік несиелеу есебінен қаржыландыру көлемін екі есеге арттырдық және несиені қайтару мерзімін ұлғайттық. Бұрын несие қаражатын желтоқсан айында қайтару керек болған, біз наурыз айына дейін создық. Бұл фермерлерді қолдау үшін жасалды», - деп атап өтті отырыс барысында Алмат Әшірбеков. Ол биыл жаңа жеңілдетілген бағдарламалар бекітілгенін, бұл Аграрлық несие корпорациясы желісі бойынша «Кең дала 2» және ҚазАгроҚаржы желісі бойынша отандық техниканың лизингтік бағдарламасы екенін атап өтті. Бұған коммерциялық шарттар бойынша қаржы капитал нарықтарығынан тартылды. Фермерлер үшін жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5% деңгейінде бекітілді. «Енді келесі жылға жоспарланған қаржыландыру мәселесіне қатысты айта кетейін. Біз көктемгі егін егу мен күзгі жиын терім жұмыстарын қаржыландыруды ерте бастаймыз. Алғашқы 100 миллиард теңгені биыл беруді жоспарлап отырмыз, өтінімдерді қараша айында қабылдай бастаймыз. Жалпы, 2025-жылғы көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарына 700 миллиард теңге бөлуді жоспарлап отырмыз. «ҚазАгроҚаржы» АҚ бойынша қаржыландыру көлемін ұлғайтамыз, оған қоса техниканы лизингке жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5%-бен сатып алуға 200 миллиард теңге бөлінеді. Яғни, біз 2025-жылы көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізуге бұрын-соңды болмаған, жеңілдікпен берілетін 900 миллиард теңге қаржы бөлуді жоспарлап отырмыз», - деді Аграрлық несие корпорациясының басшысы.