«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ атқарушы директоры Нияз Көшкімбаев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков, «ҚазАгроҚаржы» АҚ Басқарма төрағасы Айдар Прашев Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бастаған делегациямен Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарына барды. Сапардың мақсаты – өңірлерде егін жинау науқаны мәселелері бойынша қабылданып жатқан шараларды талқылау. Делегация жергілікті фермерлермен кездесіп, егіс алқаптарының жай-күйімен танысты. Кездесулерде Алмат Әшірбеков Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында көктемгі егін егу және күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыру қорытындысын жариялады: «Жалпы, 2023 жылғы көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізу үшін біздің несиелеу бағдарламаларымыз арқылы фермерлерге 176 млрд теңгенің несиесі берілді. Оның ішінде Қостанай облысының шаруалары 39,6 млрд теңге, Солтүстік Қазақстан облысының фермерлері 36,4 млрд теңгенің несиесін алды». Алмат Әшірбеков қолайсыз климаттық жағдайдың салдарынан зардап шеккен фермерлердің қолданыстағы міндеттемелері бойынша Корпорация барлық қажетті қолдауды көрсететінін хабарлады.