Аграрлық несие корпорациясы агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруға 330 млрд теңге жұмсауды жоспарлаған болатын. Бүгінгі таңда қаржыландыру көлемі 300 млрд теңгеге жетті. Айта кету керек, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты қаржыландыру көлемі 86 млрд теңгеге артып, былтырғы нәтижеден 40%-ға жоғары болды. Жалпы қаржы көлемінің 140 млрд теңгесі көктемгі егін егу және күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыруға бөлінді. Бұл 3,5 млн гектар жерді игеруге мүмкіндік берді. Несиені 3,8 мыңнан астам фермер алды. Ауқымы кең «Агробизнес» бағдарламасы арқылы мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығын дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жобалары бойынша 2,5 мыңнан астам фермер қаржыландырылып, 132 млрд теңгеден астам қаржы игерілді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштерден 19,6 млрд теңгеге артық. Корпорация кәсіпкерлерге ерекше көңіл бөледі. Шағын бизнесті дамыту үшін Аграрлық несие корпорациясы «Іскер» шағын несие бағдарламасы іске асыруда. Несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6%. Жалпы сомасы 17,8 млрд теңгені құрайтын 3 мыңнан астам шағын кәсіпкер қаржыландырылды. Биылғы жыл жастар үшін де тиімді болды. Қазақстан бойынша олар 2,5 пайызбен «Жастарға шағын несие беру» бағдарламасы арқылы 7 жылға дейінгі мерзімге несие ала алады. Бұл бағдарлама бойынша 11,7 млрд теңгеден астам қаржы игерілді. Ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту да өзекті мәселе. Корпорацияның еншілес ұйымы – «ҚазАгроҚаржы» АҚ 113 млрд теңгеден астам соманың 4,7 мыңнан асатын ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алу жобаларын қаржыландырды. Сонымен қатар, биыл ҚазАгроҚаржы «Өз жем-шөбіміз», «Қазақстанда жасалған» және «Жасыл өнім» деп аталатын ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын жеңілдетілген лизингке беру бағдарламаларын іске қосты.