Маңғыстау облысында соңғы үш айда 60-тан астам тұрғын Аграрлық несие корпорациясы арқылы 6 пайызбен несие алып, кәсіп бастады. Несиені өңірлерде орналасқан микроқаржы ұйымдарынан алуға болады. «Бәйтерек «ҰБХ» АҚ-ның еншілес ұйымы биыл Маңғыстау кәсіпкерлерін микронесиелендіруге 1 млрд теңге бөлген. Соның 283 млн-ны игерілді. Мұнайлы ауданының тұрғыны Ғарифулла Ақмұратовтың көлік жөндеу орталығын ашқанына 15 күн. Қарамағында 5 адам жұмысістейді. Орталыққа қажетті жабдықтарды алуүшін ол 7,2 млн теңге несие рәсімдеген. Ғарифулла Ақмұратов, Баянды ауылының тұрғыны: 3 ай мерзімінде оқып, сол жерден ақыл-кеңес алып, бизнес-жоспарын өздері дайындап жасап берді. Ал Қуаныш Даншабаев болса, 4 млн теңге несиеге 6 сиыр сатып алды. Берешегін 6 айдан кейін мал төлдегенде ғана қайтара бастайды. Қуаныш Даншабаев, Сайын Шапағатов ауылының тұрғыны: Мысалы, басқа банктен кредит алсаңыз, пайызы жоғары болады, біріншіден. Екіншіден, 6 ай бөліп төлеу деген болмайды. Алсаң, келесі ай төлейсің. Арзан пайызбен несие бизнестің барлық түріне беріледі. Кәсіпкерлік негіздерін оқығаны жөнінде сертификаты мен кепіл-мүлкі болуы шарт. Екі жылға дейін төлемнен босату мүмкіндігі бар. Әсет Байбосынов, Аграрлық несие корпорациясы Маңғыстау облысы бойынша филиалының директоры: Бұл бағдарламаның мақсаты - өз-өзін жұмыспен қамту. Ол жұмыссыз адамдарға өте тиімді. Арзан пайызбен несие алып, демалысын пайдалана отырып, жұмыспен өзін қамтиды. Облыста Аграрлық несие корпорациясынан көмек алған 60-тан астам кәсіпкер 100-ден аса адамды жұмыспен қамтыды. Тағы 200-дей жобаны қаржыландыру көзделген. Дереккөз: qazaqstan.tv