Аграрлық несие корпорациясының несиесі қызылордалық шаруаға ұсақ мал басын көбейтіп қана қоймай, оның сапалық көрсеткіштерін жақсартуға мүмкіндік берді. Шиелі ауданы Бидайкөл ауылында орналасқан «Тұлпар» шаруа қожалығы 2013 жылдан бері қой шаруашылығымен айналысып келеді. Содан бері шаруашылық бірнеше рет мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, шаруаларды қолдау шараларын пайдаланған болатын. Алғашқы несиені 2015 жылы Аграрлық несие корпорациясынан «Алтын асық» бағдарламасымен асыл тұқымды қой сатып алу үшін алған. Содан бері «Тұлпар» ШҚ бірнеше алған несиені дер кезінде қайтарып, мал басын көбейтті. - 2020 жылы Аграрлық несие корпорациясына несие өтінімін беріп, 2 мың қазақтың майлы құйрықты қойын сатып алдық, – дейді «Тұлпар» шаруа қожалығының басшысы Әбдіғани Дүйсенұлы. – Қаражат «Сыбаға» бағдарламасы бойынша бөлініп, мал басының сапасын айтарлықтай жақсартуға көмектесті. Етті Шиелі мен Қызылорда қалаларының сауда орындарына өткіземіз. Бұл тұқымның ет-май және жүн өнімділігін арттыратын ерекше қасиеттері бар. Демек, қойлар төзімді, жергілікті ауа райының жағдайына жақсы бейімделген, салмақты тез қосады, ет-майлы қасиеттері жоғары, ең бастысы - еті дәмді, бұл тұтынушылар сұранысына әсер ететіні сөзсіз. Шаруашылықта екі отбасы жұмыс істейді. Малшылар үшін үй және автономды қуат көздері бар екі жылжымалы тұрғын вагондары, мал ұстауға қажетті жайылымдық жерлер, қажетті қоралар, малды суаруға арналған су ұнғымасы бар. Осылайша, корпорацияның несиесі шаруашылықтың айналым қаражатын азайтпай, мал басын айтарлықтай көбейтуге және оның асыл тұқымды қасиеттерін жақсартуға көмектесті. Жалпы, Аграрлық несие корпорациясы Қызылорда облысында он жылдың ішінде «Сыбаға» бағдарламасымен 2,3 млрд теңгеден астам сомаға 472 жобаны қаржыландырды.
27.12.2024 Аграрлық несие корпорациясының фермерлерді несиелеу қаржысы 2024-жылы 800 миллиард теңгеден асады