Сенім телефоны +7 (701) 006 18 18
+7 (701) 006 18 18 - сенім телефоны (сыбайлас жемқорлық және алаяқтық әрекеттер туралы хабарлау үшін, анонимділікке кепілдік беріледі)
Жұмыс кестесі: 9-00-ден 18-30-ға дейін, үзіліс: 13-00-ден 14-30-ға дейін.
Сн, жс – демалыс күндері.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комплаенс-қызметінің басшысы Салықов Т.Ж.: Salykov.T@agrocredit.kz
Install the application:
1) Open the website in Safari
2) Click save
3) Add to home screen
Нияз Көшкімбаев: "Бәйтеректің" несие бағдарламаларының бәрі кәсіпкерлердің қажеттілігіне бейімделген

"Аграрлық несие корпорациясы" АҚ шаруаларға төрт түрлі несие ұсынып отыр.

"Аграрлық несие корпорациясы" АҚ ауыл шаруашылығын қалай қаржыландырып жатыр? Ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіп иелері қандай мемлекеттік қолдауға ие бола алады? Қаржыландыру процестері қаншалықты жеңілдеді?

Бұл туралы "Бәйтерек" АҚ басқарушы директоры Нияз Көшкімбаев айтып берді.

– Былтыр Аграрлық несие корпорациясы мен "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" біріктірілген еді. Осы біріктіру ауыл шаруашылығын қолдау саласына қалай әсер етті? Қаншалықты тиімді болды?

– "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ мемлекет басшысының "Бәйтерек" холдингінің еншілес компанияларының санын оңтайландыру жөніндегі тапсырмасы шеңберінде Аграрлық несие корпорациясына қосылды. Екі институттың IT-жүйесін біріктіруге біраз уақыт кетті. Бірақ, ауыл шаруашылығы кәсіпкерлеріне ешқандай кері әсері болған жоқ. Бұл екі компания да кредит берумен айналысады, негізінен тек мақсатты санатымен ғана ерекшеленетін.

"Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" шағын бизнеске бағдарланып, шағын кредит берді, ал Аграрлық несие корпорациясы кәсіпкерлердің барлық санатына қолдау көрсетті. Компанияларды біріктіре отырып, біз корпорация базасында "бір терезе" қағидатын іске асыра алдық.

Қазір ауыл шаруашылығына қызығатын жастарға "Жас ұрпақ" несиесі беріліп жатыр. Оған сұраныс қандай?

– Бұл бағдарлама енді ғана іске қосылды, сондықтан қорытынды жасауға әлі ерте. 7 сәуірдегі жағдай бойынша 3,6 млрд теңгеге тек 761 өтінім ғана келіп түсті, конкурстық комиссияның қарауына 514 млн теңгеге 109 өтінім жіберілді, 48 млн теңгеге 10 өтінім мақұлданды. Биыл бұл бағдарламаға 29 млрд теңге қарастырылған.

5 млн теңгеге дейінгі микрокредиттер 2,5 пайызбен 21 жастан 35 жасқа дейінгі, кәсіпкер ретінде тіркелгеніне 5 жылдан аспаған жастарға өз ісін ашу немесе кеңейту үшін 5 немесе 7 жылға беріледі. Кепілзат қою міндетті. Оған жылжымалы және жылжымайтын мүлік қабылданады.

Аграрлық несие корпорациясы бағдарламаға тек агент ретінде қатысатынын да айта кеткенім жөн. Корпорация жастармен жұмыс істеп, олардың жобалары мен бизнес жоспарын қарап, құжаттарын жинап, әкімшілікке жібереді. Жергілікті атқарушы органдарда арнайы комиссия құрылған. Микрокредиттер сол комиссияның шешімі негізінде беріледі.

– Жас шаруалар көбіне қай бағытта несие алады?

– Бұрынғы микрокредиттеу тәжірибесіне сүйене отырып, ауылдық жерлердегі микрокредиттердің шамамен 70-80 пайызы мал шаруашылығына бағытталады деп болжауға болады. Негізінен ол мал сатып алуға жұмсалады, ал бұл мал өнімдерін өндіруді бастауға немесе кеңейтуге мүмкіндік береді.

– Одан басқа "Іскер", "Кең дала", "Агробизнес" несиелік бағдарламалары жұмыс істеп келеді. Бұл бағдарламалар шаруалардың сұранысын қаншалықты қанағаттандырады? Қай өңірлердің шаруалары көбірек жүгінеді?

–"Іскер" бағдарламасы ісін жаңа бастаған және бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан кәсіпкерлерге микрокредит беруді көздейді. Айырмашылығы 6 пайызбен беріледі. Бағдарламаның іске қосылғанына 3-4 жыл болды. Жыл сайын бюджеттік жоспар бойынша барлығы 15-20 млрд теңге көлемінде несие беріледі. Екінші деңгейлі банктермен салыстырғанда өте арзан және кепілзат шарттары да жеңілдетілген.

"Кең дала" бағдарламасы бойынша егіс және егін жинау науқандары қаржыландырылады. Бұл 5 пайызбен берілетін қысқамерзімді несие. Бұрын бағдарламаға жыл сайын 60-70 млрд теңге көлемінде қаражат бөлініп келсе, былтырдан бастап 140 млрд теңгеге дейін көтерілді. Былтыр қаражат толықтай игерілді. Биылға келсек, сәуір айындағы жағдай бойынша, 106 млрд теңгесі 2 563 ауыл шаруашылығы кәсіпкерлеріне берілді. Бәрі жоспарға сай игеріліп келеді.

"Агробизнес" бағдарламасы әмбебап, тікелей және КТ, ЕДБ-ні қорландыру арқылы түрлі салалық бағыттарды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Былтыр осы бағдарлама бойынша 25 жоба қолданысқа енгізілді. Биыл 35 жобаны қарастырылып жатыр, 21 шақтысын қолданысқа енгізу жоспары бар. Аграрлық несие корпорациясы бұл бағдарлама үшін қаражатты басқа банктерден, қорлардан қарызға алады. Былтыр Ұлттық банк базалық көрсеткішті 16 пайызға дейін көтеріп тастады. Енді корпорацияға банктерден қарызды 19 пайызбен алып, халыққа 22-23 пайызбен береді. Бірақ бұл пайыздық көрсеткіштер субсидияға жатқандықтан, түптеп келгенде агробизнеске 6 пайызбен тиеді. Бұл бағдарламаға көбінесе сүт фермасы, май зауыты сынды ірі жобалар қатысады. Қазір ет өнімдерінің өндірісіне баса мән беріп отырмыз. Өйткені, бүгінгі таңда шұжық, консерв өнімдерінің басым бөлігі шетелден келеді. Біз соларды зауыттар салу арқылы өзімізден шығаруға көңіл бөліп жатырмыз. Сонымен қатар көкөніс қоймаларын салу да басым бағыттардың бірі ретінде қарастырылады.

Барлық несие бағдарламалары кәсіпкерлердің қажеттілігіне бейімделген, ауыл шаруашылығы өндірісінің ерекшеліктері мен циклдерін ескереді. Фермерлер негізгі қарызды өтеу үшін жеңілдік кезеңін ала алады.

"Кең дала" бағдарламасы бойынша қаржыландырудың басым бөлігі дәстүрлі түрде егіс және егін жинау жұмыстарына кредит беруге айтарлықтай сұраныс бар солтүстіктегі астық егетін өңірлерге жіберіледі. "Іскер" және "Агробизнес" бағдарламалары бойынша қаржыландыру бизнес тарапынан сұранысқа сәйкес жүргізіледі. Біз өңірлер бөлінісінде қаржыландыруға жасанды шектеулер жасамаймыз және қарыз алушылардың сұранысын барынша қанағаттандыруға тырысамыз. Алайда, кредит беру мен лизингке арналған шектеулі ресурстар мұны әрдайым жасауға мүмкіндік бере бермейді.

– Холдингте шаруаларды қаржылық емес қолдау шаралары қарастырылған ба?

– Аграрлық несие корпорациясы мен "ҚазАгроҚаржы" АҚ қаржылық емес қолдау шараларын жүзеге асырмайды, өйткені олар банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыруға лицензия бойынша жұмыс істейтін қаржы ұйымдары болып табылады.

– "Бәйтерек" холдингінің еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы алдағы жоспары қандай?

– Аграрлық несие корпорациясы мен "ҚазАгроҚаржы" АҚ бизнес-процестерді цифрландыру бойынша жұмысты жалғастырады. Бұл жұмыстың негізгі мақсаты – қаржыландыру процесін неғұрлым ыңғайлы, жылдам әрі ашық ету, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін және клиенттердің қарыз алу шығындарын азайту.

Ағымдағы жылы корпорацияның мобильді қосымшасын іске қосу, кепілдерді онлайн тіркеуді енгізу, шарттарға биометрияны пайдалана отырып қол қою мүмкіндігін қарастыру, мемлекеттік органдардың дерекқорларымен біріктіруді жалғастыру жоспарланып отыр. Бұл қарыз алушы ұсынатын құжаттардың санын азайтуға мүмкіндік береді, шаруалардың уақытын да үнемдейді.

Бұдан басқа, фермерлердің қажеттіліктеріне сәйкес саланы қаржыландырудың ағымдағы динамикасын қолдау үшін қосымша қаражат тарту мәселелері пысықталатын болады.

 Ақпарат көзі: https://informburo.kz/kaz/kogam/niyaz-koskimbaev-baiterektin-nesie-bagdarlamalarynyn-bari-kasipkerle...