Сенім телефоны +7 (775) 007 27 01
+7 (775) 007 27 01 - сенім телефоны (сыбайлас жемқорлық және алаяқтық әрекеттер туралы хабарлау үшін, анонимділікке кепілдік беріледі)
Жұмыс кестесі: 9-00-ден 18-30-ға дейін, үзіліс: 13-00-ден 14-30-ға дейін.
Сн, жс – демалыс күндері.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комплаенс-қызметінің басшысы Салықов Т.Ж.: Salykov.T@agrocredit.kz
Install the application:
1) Open the website in Safari
2) Click save
3) Add to home screen
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ: қолжетімді несие, бизнесті қолдау және агроөнеркәсіп кешенін дамыту

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұрболат Айдапкелов 2023-жылдың бірінші жартыжылдығындағы агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру қорытындылары бойынша сұхбат берді.

– Нұрболат Серғалиұлы, өткен жартыжылдықтағы АӨК қаржыландырудың негізгі қорытындылары туралы айтып берсеңіз.

– Біздің холдингтің құрамындағы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «ҚазАгроҚаржы» АҚ 2023-жылдың 6 айында АӨК қаржыландыруға 364,5 млрд теңге көлемінде қаражат жұмсады. Бұл 2022-жылдың бірінші жартыжылдығынан 51%-ға артық (241,4 млрд теңге).

Негізгі бағыттарға келетін болсақ, көктемгі егін егу және күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыруға 140 млрд теңге бөлінді. Несиелерді 3,8 мың фермер алды. Негізгі жоспар бойынша 2 400 шаруа қаржыландырылуы тиіс болған. 1,4 мыңнан астам шаруа жаңадан қосылды. Осы қаражат есебінен 3,5 млн. гектар жерге егін егілді.  Бұл жоспардағы индикативтен 2 млн. гектарға, яғни 75%-ға жоғары.

Сонымен қатар несие серіктестіктері үлкен қолдауға ие болды. Олар арқылы 3,4 мың фермер 126 млрд теңге қаржы алды. Бұл ауыз толтырып айтатын өсім. Ал өткен жылдың алғашқы 6 айында 2,7 мың фермер несие серіктестіктері арқылы 79 млрд теңгенің ғана несиесін алған болатын.

Тағы бір маңызды міндет – ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту. Жарты жылда ҚазАгроҚаржы 90,6 млрд теңгенің лизингке берілетін 3 777 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жобаларын қаржыландырды. Өткен жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда қаржыландыру көлемі 43%-ға артып, өсім көрсеткіші жоғарылады.

Жалпы, біздің компаниялардың АӨК саласындағы жұмысының барлық негізгі бағыттары бойынша өсім динамикасы бар. Естеріңізге сала кетейін, былтыр агросекторды несиемен қаржыландыру көлемі бойынша тарихи рекордтық көрсеткіш орнаттық. 522 млрд. теңгеден астам қаржы фермерлерімізді қолдауға бағытталды.

– Ал шағын бизнеске қандай қолдау көрсетесіздер?

– Осы орайда айта кетейін, барлық қаражаттың 97%-ын шағын және орта бизнес субъектілеріне жататын кәсіпкерлер алды. Несие алушылардың басым көпшілігі отбасылық типтегі шағын шаруа қожалықтары. Биыл несие алған 10,6 мың кәсіпкердің 9,2 мыңы – шаруа қожалықтары, фермерлік шаруашылықтар, және жеке кәсіпкерлер.

Аграрлық несие корпорациясында шағын бизнесті қолдауға бағытталған «Іскер» бағдарламасы жұмыс істейді. Сыйақы мөлшерлемесі 6%-ды құрайтын несие кәсіпкерлер үшін өте қолайлы әрі тиімді. Жарты жылда 16,5 млрд теңгенің 3,1 мыңнан астам шағын несиесі берілді. Өткен жылы алғашқы 6 айда 5,6 млрд. теңгеге 861 шағын несие берілген болатын.

Шағын несие тек ауыл шаруашылығын жүргізуге ғана берілмейді. Бірақ өтінім берушілердің көбі шаруашылық бастағылары келеді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – ауылдық жерлерде және шағын қалаларда жұмыспен қамтуды қолдау және кәсіпкерлікті дамыту. Сондықтан кәсіп ашуға ниеттенгендер дүкен, шаштараз, кафе және т.б. кәсіп түрлерімен айналысу үшін шағын несие ала алады. Ауылда бизнестің түрі неғұрлым көп қолдау тапса, жұмыс орындары ашылса, жалпы ауылдық аумақтар соғұрлым жақсы дамитыны анық.

– Биыл қандай жаңа несиелендіру бағдарламалары іске қосылды?

– Биыл жас кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасы іске асырыла бастады. Аграрлық несие корпорациясы бұл бағдарламаның сенімді агенті ретінде қызмет көрсетеді. Бағдарлама 21-35 жас аралығындағы жас кәсіпкерлерге бағытталған және жылдық 2,5% мөлшерлемемен 5 млн теңгеге дейін жеңілдетілген шағын несие алуға болады. Бұл жастар үшін зор мүмкіндік. Ісін жаңадан бастайтын жас кәсіпкерлерге бұдан артық қолдау болуы мүмкін емес.

Сенімді агент ретінде Аграрлық несие корпорациясы өтінімдерді қабылдайды, бизнес-жобаларды бағалайды, несие беру қызметін көрсетеді. Ал несие беру туралы шешімді әкімдіктердің жанындағы конкурстық комиссиялар қабылдайды. Биыл 1-шілдедегі есеп бойынша Аграрлық несие корпорациясы бағдарлама талаптарына сәйкестігін қарап, 14,7 млрд. теңгенің 3,2 мыңнан астам өтінімін конкурстық комиссиялардың қарауына жіберді.

– Ауыл шаруашылығы техникаларының тозу деңгейі жоғары екені белгілі. Осы бағытта қандай да бір қосымша шаралар қабылдана ма?

– Сіз өте орынды мәселені көтеріп отырсыз. Машина-трактор паркінің орташа тозуы шамамен 80%-ға жетті. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қарқыны жыл сайын өсіп келеді және 2022 жылы 4%-дан асты. Бірақ, бәсекеге қабілетті болу үшін бізге жыл сайын 8-10%-дық әлемдік жаңарту стандарттарына ұмтылу қажет.

Бұл үшін биыл ҚазАгроҚаржының жеке қаражаты және бюджет қаражаты есебінен ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарының жеңілдетілген лизингі – «Өз жем-шөбі», «Қазақстанда жасалған» және «Жасыл өнім» бағдарламалары іске қосылды. Бұл бағдарламалар бойынша техниканы жылдық 6% мөлшерлемемен, 10 жылға дейінгі лизинг мерзімімен және 15%-дан басталатын аванстық төлеммен сатып алуға болады. Сондай-ақ, өткен жылы іске қосылған жылдық мөлшерлемесі 6%-дық «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы жұмыс істеуде.

Лизингтің жеңілдетілген бағдарламаларын биыл жүзеге асыру үшін 57,1 млрд теңге бөлдік. Фермерлер тарапынан бағдарлама үлкен сұранысқа ие болды. Сондықтан біз қазір жеңілдетілген лизингті қаржыландыру үшін қосымша 20 млрд теңге тарту мәселесін пысықтап жатырмыз.

Осы бағдарламалар бойынша мынадай тиімді тетікті атап өткім келеді: 6%-дық мөлшерлеме қаржы лизингі шартында бектілген. Бұл қымбат қарыз қаражатымен қаржыландыратын басқа бағдарламалар сияқты емес. Сондықтан субсидияғы сүйенудің қажеті жоқ.  Осылайша, біз фермерлерді заманауи техникамен қамтамасыз ету мәселесін шеше отырып, бюджет қаражатын үнемдеуге де ықпал етеміз.