Алматыда Central Asia Fintech Summit өтуде. Оған «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасарлары Қайрат Сапулатов, Айдын Досқараев, Жобаларды енгізу және сүйемелдеу департаментінің директоры Марат Абдулов қатысуда. Форум саяси қайраткерлердің, халықаралық сарапшылардың, қаржылық технологиялар көшбасшыларының және жетекші финтех стартаптарының басын қосты. «Біз үшін цифрлық теңгені пайдалану мүмкіндіктері қаралатын алаңдар ерекше қызығушылық тудырады. Өйткені Аграрлық несие корпорациясы елдің агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізгі институты. Корпорация ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді, соның ішінде бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру тетігін жүзеге асыра отырып, фермерлерге мемлекеттік қолдау шараларын жедел әрі барынша тиімділікпен жеткізу үшін заманауи үрдістерді жіті назарда ұстайды», - деп атап өтті «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Сапулатов. Бұл форумның мақсаты – Қазақстанда және одан тысқары жерлерде төлем жүйелері мен қаржы технологияларын дамытуға ықпал ететін білім, тәжірибе және идеялармен алмасу үшін платформа құру. Іс-шарада финтехтегі негізгі инновациялық тақырыптар – CBDC және трансшекаралық төлемдер, жасанды интеллект, машиналық оқыту, Орталық Азияның финтех экожүйесі, және т.б. талқылануда.