Кеңесте өткен жылдың қорытындылары мен биылғы жылға арналған жоспарлар баяндалды. Сонымен қатар, Корпорация қызметін дамытуға қатысты бірқатар мәселе талқыланды. Атап айтқанда, бизнес процестердің тиімділігін арттыру, Кредиттік серіктестіктермен өзара іс-қимылды оңтайландыру, саладағы автоматтандыру жүйесін жетілдіру жайы сөз болды. Аграрлық сектор саласындағы инвестициялық жобаларды дамыту үшін 2025-жылы Аграрлық несие корпорациясы мен ҚазАгроҚаржы арқылы шамамен 1,5 трлн теңге сомасында қаржы бөлінетін болады, деп атап өтті кеңес барысында Басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков. «Қаржы көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізуге, инвестициялық жобаларды іске асыруға, негізгі құралдарды сатып алуға және айналым қаражатын толықтыруға, сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне бағытталатын болады. Жобаларды несиелеу кезінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және тамақ өнімдерін өндіру, суару жүйесін дамыту, өнеркәсіптік жылыжайлар, инфрақұрылымды дамыту – бұл орау, сақтау, тасымалдау және өнеркәсіптік ауқымда жем-шөп өндірісін дамыту сияқты бағыттарға басымдық беріледі», - деп хабарлады Корпорация басшысы. Тағы бір жаңалық – мемлекеттік кепілдіктер есебінен инвестициялық жобаларды іске асыруды қаржыландыру. Қарыз алушылар үшін белгіленген сыйақы мөлшерлемесі қамтамасыз етіледі. Фермерлер субсидиясыз тікелей несие алу мүмкіндігіне ие болады. «Жобаларды қамту көлемін арттыру үшін Аграрлық несие корпорациясы арқылы неселеу лимиттері 7 млрд теңгеден 15 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады. Сондай-ақ Бәйтерек Кепілдік қоры мен Дамудың кепілдері Аграрлық несие корпорациясының ұзақ мерзімді ірі жобаларына қолданылады. Қосылған құны жоғары өндірістерді құруға ерекше назар аударылатын болады. Бұл ішкі өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Қазірдің өзінде өндірісті қарқындату қажет. Экономиканың аграрлық секторының тиімділігінің өсуі өндіргіш күштердің дамуына ғана емес, экономикалық қатынастардың жақсаруына байланысты факторларды да пайдалануды талап ететіні атап өтілді. Корпорация осы процесте фермерлерге қолдау көрсетуі керек. Ол үшін жобаларды қарау мерзімдерін жеделдету және сапасын арттыру үшін ішкі жүйелерді одан әрі дамыту жағын қарастыру қажет», - деп атап өтті Алмат Бүркітбайұлы. Кеңесті қорытындылаған «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков филиал директорларына нақты тапсырмалар жүктеп, жұмыстарына сәттілік тіледі. Филиалдар өз қызметтерінің рейтингтерімен танысты. Одан кейін үздіктерді марапаттау рәсімі өтті. Атырау облысы мен Алматы филиалдарының директорлары марапатқа ие болды. Ал кубок Қарағанды облысының филиалына табысталды.