Атыраулық шаруа Эльдар Избанов қазақтың ақбас тұқымды малымен айналысады. Мамандығы құрылысшы-сәулетші жігіт оқуды бітіре сала ауыл шаруашылығына бет бұрған. Қазір Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Үштаған ауылында шағын шаруа қожалығы бар. Бірнеше жыл асыл тұқымды емес мал ұстаған шаруа кейінгі кезде ірі қараны асылдандыруға ден қойған. Ол үшін былтыр жазда Аграрлық несие корпорациясында кредит рәсімдеп, асыл тұқымды 100 бас ірі қара мал сатып алған. «Ақпараттық сайттардан «Агробизнес» несие бағдарламасы туралы оқыдым. Аграрлық несие корпорациясының Атыраудағы филиалына барып, несиені қалай алуға болатынын сұрап білдім. Кейін қажетті құжаттарды тапсырып, сол «Агробизнес» бойынша 10 жылға 6 процентпен несие алдым. 1 жыл жеңілдік кезеңі бар. Яғни, несиені осы жазда ғана төлей бастаймыз», - дейді шаруа қожалығының басшысы Эльдар Избанов. Қазір ақбас сиырлар төлдей бастады. 15 шақты бұзау бауырын көтерді. Қожалық басшысы 2-3 жылда мал басын көбейтіп, пайда көремін деп жоспарлап отыр. Мал мамандарының айтуынша, ақбас сиыр тез салмақ қосады. 18 айға дейін жемделіп бордақыланса, 4 центнерден асып түсуі әбден мүмкін. Сурет ElDala.kz порталынан