Биыл фермерлерді қаржыландыру көлемі 765 млрд теңгеден асты. Оның ішінде 540 млрд – Аграрлық несие корпорациясы және 225 млрд – «ҚазАгроҚаржы» АҚ еншілес компаниясы арқылы бөлінді. Биыл желтоқсан айының соңына дейін бұл сома 800 млрд теңгеден асады. Бұл біздің құрылымымыздың бөлетін қаржыландыру көлемі бойынша кезекті тарихи ең жоғарғы көрсеткіш болады. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, 2023-жылы 550 миллиард теңгеден астам соманың несиесі берілді. Бұл қазіргі көрсеткіштен едәуір төмен. Қамтуды ұлғайту үшін және фермерлердің жеңілдетілген несие ресурстарына деген қажеттілігін қанағаттандыру үшін 2024-жылы «Кең Дала-2» бағдарламасы іске қосылды. Сонымен қатар, 2025-жылы жеделдетілген несиелеу жобасын іске қосу жоспарланған. Осы және өзге де атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар жайында толығырақ білу үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Алмат Әшірбековтің сұхбатынан оқи аласыздар. – Алмат Бүркітбайұлы, аяқталып келе жатқан жылдың қорытындысын шағаратын да уақыт келген екен. Аграрлық несие корпорациясында жыл ең алдымен «Кең Дала-2» бағдарламасын іске асырумен байланысты болды. Оның ерекшеліктері мен алдын ала нәтижелері қандай? – 2024-жылы «Кең Дала-2» бағдарламасының іске қосылуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында фермерлердің көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыру қажеттілігіне жауап болды деп есептеймін. Бұл қаражат еліміздің азық-түлік бағдарламасын іске асыру үшін дәнді дақылдардың өзіндік құнын төмендету, өнімділікті, аграрлық саладағы өндірістің тиімділігі мен Қазақстанда өсірілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында бөлінеді. Қаржыландырудың жаңа шарттары мен «Кең Дала-2» бағдарламасына енгізілген шешімдер бұрын-соңды болмаған, оның механизмі фермерлер үшін бірқатар маңызды мәселелерді шешеді. Бірінші: коммерциялық ресурстар пайдаланылғанына қарамастан, несие алушылар үшін жеңілдетілген жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5% деңгейінде сақталады. Бұрын фермерлер сыйақы мөлшерлемесінің субсидиясын алу үшін жергілікті ауыл шаруашылығы басқармаларына жүгінуге мәжбүр болатын. Екінші: көбінесе агроөнеркәсіп кешенінің субъектілері несие алу үшін Аграрлық несие корпорациясына жүгінген кезде жылжымайтын мүлігінің нарықтық құны төмен ауылдық жерлердегі фермермерлер кепілдігінің жетіспеушілігі проблемасына тап болады. Енді мемлекеттік қолдаудың жаңа механизміне сәйкес «Кең Дала-2» бағдарламасы бойынша қарыз сомасының 85%-ын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту Қоры кепілдендіретін болды. – «Кең Дала-2» бағдарламасы арқылы қаржыландыру көлемі қандай болады деп жоспарлап отырсыздар? – Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, мұның алдындағы жылдары көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізуге бөлінген қаржы 140 млрд теңге деңгейінде болған еді. 2024-жылы Аграрлық несие корпорациясы бұл бағытқа 320 млрд теңге бөлді. Осының арқасында 5 млн гектардан астам жер игерілді. ҚР Президентінің тапсырмасын орындау аясында Үкіметтің қолдауымен 2025-жылдың көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарына 700 млрд теңгеге дейін бағытталатын болады. Оның 560 млрд теңгеге жуығын «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен Аграрлық несие корпорациясы нарықтық капитал көздерінен тартатын болады. Осылайша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мемлекеттік қолдау шараларының арқасында барынша қолайлы жағдайлар бойынша жедел қаржылық қолдауға ие бола алады. 2024-жылдың 29-қарашасынан бастап фермерлерді 2025-жылдың науқанына қаржыландыру үшін «Кең Дала-2» бағдарламасы бойынша 100 млрд теңге бөлінді. 1208 фермерден 151 млрд теңгеден астам соманың өтінімі қабылданды, оның ішіндегі жалпы сомасы 58,8 млрд теңгеден асатын 453 фермер несиені алып үлгерді. Бағдарлама бойынша несиелеу жұмыстары жыл соңына дейін атқарылады. – Процестерді оңтайландырусыз және автоматтандырусыз 2024-жылы мұндай нәтижелерге қол жеткізу оңай болмас па еді? Корпорацияның осы бағытта іске асырып жатқан жобалары туралы толығырақ айтып берсеңіз. – Дұрыс айтасыз. Процестерді оңтайландыру және автоматтандыру біздің компаниямыздағы қызметтің негізгі аспектісі. Біз несие алушыларға жылдам, ыңғайлы және ашық болу үшін бизнес-процестерімізді, соның ішінде несиелеуді жеңілдету міндетін қойдық. Осының арқасында өтінімдерді қарау мерзімін қысқартуға мүмкіндік туды. Мысалы, «Кең Дала 2» бағдарламасы бойынша өтінімдерді қарау мерзімі 30 күннен 7 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Басқа өнімдер де автоматтандыру процесімен қамтылған. Мәселен, 2022- жылдың ортасында «Іскер» және «Жастарға шағын несие беру» мемлекеттік бағдарламалары бойынша несиеге өтінім беру үшін пилоттық режимде Agronesie электрондық порталы іске қосылды. 2024-жылы біз орта және ірі кәсіпкерлікке арналған жаңа қызметтерді қосу арқылы оның қызметін кеңейттік. Біріншіден, портал фермерге кепілдікті алдын ала бағалаудың скорингтік механизмі арқылы өз мүмкіндіктерін бағалауға және сенімділік пен несие тарихын тексеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 2023 жылдың соңында біз Agrocredit.kz мобильді қосымшасын іске қостық. – БАҚ Аграрлық несие корпорациясы фермерлермен өзара әрекеттесуді жеңілдету үшін Agile командасын құрғаны туралы хабарлады. Осы жөнінде толығырақ айтып берсеңіз. – 2023-жылдың соңында жобаларды қарау мерзімдерін қысқарту мақсатында біз Аграрлық несие корпорациясының қызметкерлерінен Agile жұмыс тобын құрдық. Несиелік портфель талданды және несие өтінімдерін сегменттеу критерийлері жасалды. Атап айтқанда, 20 млн. теңгеге дейінгі шағын несиелер үлесіне өтінімдердің жалпы санының 81%-ы тиесілі екені анықталды. Жүргізілген талдау тәуекел дәрежесіне, маусымдылыққа, аграрлық сала үшін маңыздылығына және басқа аспектілерге байланысты несиелерді қарастыру тәсілдерін стандарттауға мүмкіндік берді. Тәсілдерді стандарттау өз кезегінде өтінімдерді қарауды жеделдетуге өз ықпалын жасады. Түпкі мақсат – біз несие алушылардың сұраныстары мен талаптарына жауап беретін дайын шешімдер жасауға ұмтыламыз. Мысалы, біз ірі инвестициялық жобалар бойынша бөлек шешімдер әзірледік. Қазір бұл процестерді автоматтандыру жүргізілуде және ол кезең-кезеңмен енгізілетін болады. – Қашан іске қосасыздар? – Жобаны 3 кезеңмен енгізу жоспарлануда. 1-кезең жаңа ауыл шаруашылығы техникасын/жабдықтарын сатып алуға 85 млн. теңгеге дейінгі несие бойынша алдын ала шешім алуды, сондай-ақ егін егу мен егін жинау жұмыстары немесе мал сатып алу үшін 20 млн. теңгеге дейінгі несиелер бойынша алдын ала шешім алуды процесін қамтиды. Несие алушының мемлекеттік дерекқорларға қол жеткізуі үшін барлық қажетті ақпарат бар. Несие рәсімдеуші 10-15 минут ішінде қаржыландыру мақсаттарын, несие сомасын, несие шарттарының негізгі параметрлерін толтырады, кепілмен қамтамасыз етуді таңдайды және жүйе Корпорацияның қаржыландыруға дайындығы туралы алдын ала шешім береді. Ал несиені алатын кезде ҚР Заңнамасының талаптарына сәйкес құжаттардың шағын пакетін – кепілмен қамтамасыз етуге арналған құжаттардың түпнұсқаларын, тәуелсіз бағалау компаниясының есебін, оның қызметін растайтын құжаттарды ұсыну қажет. 2025-жылдың басында филиалдық желінің жалпы жағдайын сапалы түрде көрсететін, арнайы таңдалған Жамбыл, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында пилоттық режимде 1-кезең іске қосылса, қалған кезеңдер 2025 жылдың барысында іске қосылады. Жалпы, алдағы жылы біз цифрландырудың жаңа процестерін енгізе отырып, көктемгі егін егу жұмыстарын жүргізуге және ауыл шаруашылығының басым бағыттары бойынша жобаларды іске асыру үшін қаржыландыру көлемін ұлғайту жөніндегі жұмыстарды жалғастырамыз. – Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет.
29.11.2024 Аграрлық несие корпорациясы 2024-жылдың 29-қарашасы күні «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша қаржыландыруды бастайды