Арыста қалмақ сиыры көбейіп жатыр. Асыл тұқымды мал шаруашылығын кеңейтіп жатқан өңірдегі ірі репродуктор - «Kazplemzavod» ЖШС-і. Аграрлық несие корпорациясынан рәсімдеген несиеге серіктестік басшысы Мамытхан Айдағараев Бурятиядан 3 400 қашар, 150 бұқа сатып алған. Малдың бір бөлігі Арысқа жеткізілді. Қалғаны келісім бойынша партиямен келесі жылдың жазына шейін тасымалданып болады. Репродуктор қожайыны үшін қалмақ сиырын бағу таңсық емес. Шаруашылық екі жыл бұрын сенімді серіктесі – корпорация арқылы 1,3 млрд теңгеге ресейлік екі компаниядан 1970 сиыр мен 80 бұқа сатып әкелген. Мыңғырған малын бәле-жаладан сақтандырып қойды. Малдың бұл түрін асыраушылардың айтуынша, қалмақ тұқымы талғампаз емес. Не берсең, соны жей береді. Көп күтімді керек етпейді. Кез келген ауа-райына төзімді. Сиырдың салмағы – 500 келі, бұқасы бір тоннаға дейін тартады. «Kazplemzavod» ЖШС-інің малы қазір 6 мың бас малға есептелген бордақылау алаңында бағылып жатыр. Жалпы, шаруа қожалығы Аграрлық несие корпорациясының табысты жұмыс істеп жатқан серіктестерінің бірі. Компания 2014 жылдан бері төрт мәрте несие рәсімдеген.