Аграрлық несие корпорациясы пилоттық режимде Smart 10 жобасын іске қосты. Бұл алғашқы Smart өнімнің басты ерекшелігі – қаржыландыру уақыты жылдам болады. Яғни несие қаржысына 10 күнде қол жеткізуге мүмкіндік туды. Бұрын бұл процесс өтініш берген сәттен шешім қабылдағанға дейін 30 күнді алатын. Жоба микро және шағын бизнес өкілдеріне бағытталған. Өйткені Корпорацияның 2022-2023 жылдардағы кредиттік портфелін талдағанда қаржыландырылған жобалардың шамамен 81%-ы 20 млн теңгеге дейінгі шағын бизнеске жататынын көрсетті. Жеделдетілген несиелеу жөніндегі жоба әзірге Жамбыл, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында пилоттық режимде іске қосылды. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков атап өткендей, бұл облыстар кездейсоқ таңдалған жоқ. Үш облыстың бағыты, ерекшелігі, қызмет түрлері және көлемі бойынша мүлдем өзгеше. «Біз бүкіл филиалдық желіміздің жұмысын айқындайтын өңірлерді таңдадық. Үш айдың ішінде осы аймақтардағы жобаларды жаңа процестер арқылы қаржыландырамыз және кері жауап алу арқылы бақылайтын боламыз. Сондай-ақ бұл жобаны барлық аймаққа бірдей енгізбес бұрын осы пилоттық сынақ барысында өнімді әбден жетілдіру үшін түзету шараларын жүргіземіз», - деді Аграрлық несие корпорациясының төрағасы. Батыс Қазақстан облысындағы фермер Қуандық Губайдуллиев ең алғашқылардың бірі болып Smart 10 жобасы арқылы қаржыландырылды. Ол несие қаржысына МТЗ 82.1 тракторын сатып алды. «Мен Ақжайық ауданының Есенсай ауылында тұрамын. Аграрлық несие корпорациясының Батыс Қазақстан облысындағы филиалынан Smart 10 бағдарламасы арықылы несие рәсімдеп, МТЗ тракторын сатып алдым», - дейді Қуандық Губайдуллиев. Айта кетейік, бұл бастаманың екінші кезеңінде қаржыландыру сомасы 20 млн теңгеден жоғары шағын және орта бизнестің өтінімдерін қарайтын жобаны іске қосу жоспарланған.