Жерінің құнарсыздығы мен су тапшылығына қарамастан Маңғыстау өңірінде жылыжай шаруашылығының қатары жыл сайын артып жатыр. Қазір аймақта ірілі-ұсақты 300-ден астам жылыжай бар. Солардың бірі - Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылында орналасқан «Қызыл таң» шаруа қожалығы. Қожалық иесі Шадияр Үркімбаев саналы ғұмырын ауыл шаруашылығына арнаған жан. Саланы бес саусағындай біледі. Кәсіпкер жері сор топырақ болса да, 2014 жылы Ақшұқырдан шағын жылыжай ашқан. Бүгінде оның аумағын 3 мың шаршы метрге дейін кеңейтті. «Жылыжайды үлкейтіп едім, құрал-жабдықтар керек болды. Жылытқыш газ қазандықтары, суды тұщыландыратын қондырғы қажет еді. Олар қымбат тұрады. Қаржы көзін іздеп жүріп, былтыр Аграрлық несие корпорациясына жүгіндім. «Агробизнес» бағдарламасымен несие рәсімдеп, қажетті қондырғыларды сатып әкелдім. Қосымша айналым қаражатын алдым», - дейді «Қызыл таң» шаруа қожалығы Шадияр Үркімбаев. Жылыжайда тек қияр өсіріледі. Осы күзде 40 тонна өнім жиналған. Шаруашылық иесі оны Ақтау базарында өткізген. Қазір нысанда жаңадан тұқым егу жұмысы жүріп жатыр. Бұл өнім Жаңа жыл мерекесі қарсаңында жиналады. Кәсіпкер жылына 3-4 рет өнім алуды көздеп отыр. Жылыжай Маңғыстау облысы үшін өте табысты кәсіп. Себебі, өңірдегі көкөністің 80%-ы көрші облыстар мен елдерден әкелінеді. Ал, жылыжай ашу үшін Аграрлық несие корпорациясының «Агробизнес» бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдалануға болады.