Негізгі мазмұнға өту

АНК БҰҰ-ның Жаһандық шартына қосылды

«Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ БҰҰ-ның Жаһандық шартына (UN Global Compact) қосылды. Корпорацияның өтінімі 2026 жылғы 12 қазанда қабылданды. Бұл туралы Аграрлық несие корпорациясының баспасөз қызметі хабарлайды.

БҰҰ-ның Жаһандық шарты адам құқықтарын сақтау, еңбек қатынастары, қоршаған ортаны қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл салаларындағы он негізгі қағидатты басшылыққа алатын компаниялар мен ұйымдарды біріктіреді. Бастамаға қатысушылар жыл сайын осы қағидаттардың өз қызметінде қалай жүзеге асырылып жатқанын ашық жариялап отырады.

Жаһандық шарттың қағидаттары АНК-ның тұрақты даму саласындағы саясатында және 2024-2033 жылдарға арналған Даму стратегиясында қазірдің өзінде ескерілген. Бұл құжаттарда жауапты қаржыландыру, корпоративтік басқару, кадрлармен жұмыс, сондай-ақ экологиялық және әлеуметтік мәселелерге қатысты тәсілдер айқындалған.

Жаһандық шартқа қатысу ұйымдарға тұрақты даму саласындағы зерттеулерге, ұсынымдар мен практикалық құралдарға, сондай-ақ басқа компаниялар мен қаржы ұйымдарының тәжірибесіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Оның маңызды бағыттарының бірі – тұрақты қаржыландыру. Бұл бағытта қаржылық шешімдер қабылдау кезінде экологиялық, әлеуметтік және басқару факторларын ескерудің тәсілдері қарастырылады.

Агроөнеркәсіптік кешен үшін бұл мәселелер климаттық тәуекелдермен, табиғи ресурстарды тиімді пайдаланумен және бизнестің тұрақтылығымен тікелей байланысты. Сондықтан тұрақты қаржыландырудың халықаралық тәсілдері АНК-ның қаржы құралдары мен ішкі үдерістерін одан әрі дамыту кезінде қолданылуы мүмкін.

Жаһандық шартқа қатысу сертификат немесе рейтинг болып саналмайды. Компаниялар он қағидаттың жүзеге асырылуы туралы ақпаратты өздері ұсынады, ал есептері БҰҰ бастамасының платформасында жарияланады.

АНК-ның БҰҰ-ның Жаһандық шарты аясындағы алғашқы есебі 2027 жылы жарияланады.

АНК БҰҰ-ның Жаһандық шартына қосылды — АКК