Жамбыл облысының Шу ауданындағы «Шілдебаев С.М.» жеке кәсіпкерлігі қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырын өсіруді қолға алған. Бұған дейін әулиекөл сиырын өсірген қожалық басшысы Самат Шілдебаевқа бұл сала таңсық емес. Мал шаруашылығына әкесі баулыпты. Кейін өзі мемлекеттік бағдарламаның көмегіне жүгініп, 2021 жылы Ресейден ақбас тұқымды ірі қара әкеліпті. «Аграрлық несие корпорациясының қаржысына былтыр желтоқсан айында «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 100 бас құнажын әкелдік. Биыл алғаш рет қолдан ұрықтандырамыз. Келесі жылы еркек төлдерін етке өткізсек дейміз. Мал бордақылау алаңын салғым келеді. Бұл несие тиімді екен, 2 жыл 8 ай жеңілдетілген кезеңі бар», - дейді Самат Шілдебаев. Әзірге қожалық Алабота орман шаруашылығы жерін жалға алып отыр. Мал басын көбейтуге мүмкіндік бар, техника жеткілікті. Айтпақшы, Беларус тракторы мен шөп тайлағыш-жинағышты да кезінде Аграрлық несие корпорациясының қаржысына сатып алған екен. Демек, фермердің мал бордақылау алаңының жүзеге асуында сенімді қаржылық серіктесі бар деуге болады. Сурет: ya-fermer.ru