ҚР Парламенті Мәжілісінде Аграрлық мәселелер комитетінің отырысы өтті. Оған «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма Төрағасы Алмат Әшірбеков, «ҚазАгроҚаржы» АҚ Басқарма Төрағасы Айдар Прашев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарушы директоры Нияз Көшкімбаев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Тимур Аяпбергенов қатысты. Алмат Әшірбеков Корпорацияның 2024-жылы атқарған жұмысы мен 2025-жылға арналған жоспарларын баяндады. Аграрлық несие корпорациясының еншілес ұйымы ҚазАгроҚаржыны қоса алғанда фермерлерді қаржыландыру көлемі тұрақты өсіп келе жатқаны айтылды. Мәселен, соңғы үш жылда несиелеу көлемі 464 млрд теңгеден 822 млрд теңгеге дейін өскен. Бұл – қаржыландыру көлемінің 77%-ға артқанын көрсетеді. «2024-жылғы көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізу үшін фермерлерге 321,5 млрд теңге қаржы берілді. Соның ішінде «Кең дала» бағдарламасы бойынша 140 млрд теңге, «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша 181,5 млрд теңге бөлінді. «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша қаржыландыру механизмі аясында жылдық сыйақы мөлшерлемесі жеңілдетілген 5% деңгейінде белгіленді. Кепіл мүлкі жетіспейтін фермерлер үшін қарыз алу сомасының 85%-на дейін «Даму» Қорының кепілдігі беріледі. Ал «ҚазАгроҚаржы» АҚ желісі бойынша жалпы сомасы 224,2 млрд теңге болатын 10,5 мың бірлік техника лизингке берілді», - деп атап өтті Алмат Әшірбеков. Фермерлерге қолайлы болу үшін 2025-жылдың көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыру ерте басталды. «Өткен жылдың қараша айында 2025-жылдың көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарын ерте қаржыландыру ісі алғаш рет қолға алынды. Соның нәтижесінде желтоқсан айында 100 млрд. теңге қаржы бөлініп, толық игерілді», - деді Басқарма Төрағасы. Бұдан бөлек, өткен жылы Корпорацияның қолдауымен құны 22,2 млрд.теңге болатын 27 жоба пайдалануға берілгені де баяндалды. Атап айтқанда, 12 суару жүйесі, 5 қойма, қайта өңдеу бойынша 2 жоба, 3 тауарлы сүт фермасы, 3 құс фабрикасы, сондай-ақ бақша мен жылыжай іске қосылған. Несиелеу процестерін жетілдіру жөніндегі жұмыс биыл да жалғасатын болады. Корпорация бюджет қаражатын бөлу шартымен қаржыландыру көлемін 900 млрд. теңге деңгейіне жеткізуді жоспарлап отыр.